|    |  
21 сәуір 2019
22:15
қаз
Шымкентте ірі жылыжай кешені салынады
22 желтоқсан 2015, 11:23 3

Қазақстан бойынша азық-түлікке қатысты жүргізілген маркетингтік талдау негізінде қыс және көктем мезгілінде отандық көкөністердің тапшылығы сезілетіні жасырын емес. Ал бұл, өз кезегінде, елімізде жылыжайлардың жетіспеушілігін көрсетеді.
Осы мәселені шешу және облыста өндірістік жылыжайларды дамыту мақсатында «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қалада жылыжай кешендерін бір аймақта орнату бойынша «Жылыжай жұмағы» индустриялдық аймақ» инвестициялық жобасын қолға алды. Жоба аясында Шымкенттегі көлік-логистикалық аймақтың жанынан 136 га жер телімін беру және сол жер телімде инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Аймақта арзан тарифті энергия көздері қарастырылады. Бұл өз кезегінде кәсібін жүргізетін шаруалардың капиталдық және операциялық шығындарының азаюына сеп болады. Сонымен қатар, агро-индустриялдық аймақта жоғары технологиямен жылыжай құрылысын жүргізетін кәсіпкерге барлық жағдай жасалады.
Мұнда жылыжай шаруашылығына қосалқы болатын өнімді cұрыптау, буып-түю, cақтау, қайта өңдеу нысандары мен әкімшілік-тұрмыстық кешен, өнімнің қауіпсіздік және cапа талаптарына сәйкестендіретін зертханалар болады. Өнеркәсіптік жылыжайлардың бір аймақта шоғырлануы тауар партиясының үлкеюіне, яғни, ұйымдасқан нарыққа тиімді шартта жеткізуге жағдай туғызады. Және фьючерлік келісім-шарттар жасасуға , күніне 240-320 тонналық немесе құндық есеппен жылына 14 млрд теңгелік мол тауармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде құны 26 млрд теңгені құрайтын ішкі инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру мақсатында шетелдік инвесторлармен келіс-сөздер жүргізілді. Нәтижесінде қытайдың «China SinoLight Corporation» компаниясы жобаны қаржыландыруға қызығушылық танытып отыр.
Жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында ОҚО-ға аталған компанияның бастамасымен Қытай үкіметінің өкілдері мен Қытай даму банкі мамандары іс-сапарлап келеді деп жоспарлануда. Агроаймақтың инфрақұрылым жұмыстары аяқталған соң жергілікті инвестор ондағы 40 га жерге 25 млрд теңге қаржы құюға дайын.

otyrar.kz
 


Жаңалықтар